Үй шаруашылығы – бірге тұратын, өздерінің табыстары мен мүлкін біріктіретін (толық немесе жартылай) және тұрғын үй мен тамақ өнімдері сияқты тауарлар мен қызметтердің белгілі бір түрлерін бірге тұтынатын адамдардың шағын тобы.
Атаулы ақшалай табыстар – үй шаруашылықтарының ағымдағы тұтынуға, жинақтауға және өндіріске инвестициялауға бағыттаған ақшалай қаражаттары (табыс салығын шегермей). Халықтың атаулы ақшалай табыстары жөнінде ақпарат алу үшін оларды бағалау (есептеу) жүргізіледі, бұл үшін еңбек ресурстарының балансы, есептелген жалақы, зейнетақы төлемдері мен әлеуметтік жәрдемақы мәліметтері пайдаланылады. Есептік атаулы табыстар мөлшері статистикалық есеп беруде қамтылмаған жұмыс істейтіндер санына, жалданып жұмыс істейтіндердің жасырын еңбекақысына және өз бетімен жұмыс істейтін халықтың табыстарына түзетіледі.
Тұтынуға пайдаланылған атаулы ақшалай табыстар – үй шаруашылықтарының жеке тұтынуға бағытталған ақшалай қаражаттары. Үй шаруашылықтарын зерттегенде халықтың әл-ауқатының материалдық деңгейін жан-жақты көрсету үшін ақшалай табыстарды олардың шығындары арқылы бағалау әдіснамасы қабылданған. Іс жүзінде бұл үй шаруашылықтарының қолда бар және ағымдағы тұтынуға, яғни тауарлар мен қызметтерді сатып алуға пайдаланатын ақшаларының сомасы. Ағымдағы кезеңдегі жинақ пен өндіріске инвестициялауға бағытталған қаражаттардың өсімі тұтынуға пайдаланылған атаулы ақшалай табыстарда көрсетілмейді.
Тұтынуға пайдаланылған табыстарға – тұтынуға пайдаланылған атаулы ақшалай табыстар мен өз өндірісі өнімінің тұтыну құны кіреді. Маңызы, әсіресе ауылдық жерлерде өсіп бара жатқан, ақшалай емес түсімдердің маңызды көздерінің бірі – жеке қосалқы шаруашылық халықтың өмір сүру деңгейі мен кедейшілікті талдаудың негізін қалаушылардың бірі ретінде бұл көрсеткіштің таңдауға себеп болды. Қосалқы шаруашылықтан түсетін заттай түсімдерді құндық бағалау аймақтағы тауарларды сатып алудың орташа бағасымен жүргізіледі.
Нақты ақшалай табыстар – тұтыну бағаларының өзгерістерін есепке алғандағы ақшалай табыстар.
Халықтың ақшалай шығындары – тұтыну шығындары, туыстарға, таныстарға материалдық көмек, алименттер, салықтар, төлемдер және басқа төлемдер төлеу, несие мен қарызды өтеу.
Тұтыну шығындары – тұтыну тауарлары мен қызметтерін сатып алуға бағытталған халықтың ақшалай шығындарының бір бөлігі. Бұған тамақ өнімдерін, алкогольді ішімдіктерді, темекі бұйымдарын, азық-түлікке жатпайтын тауарларды, ақылы қызметтерді сатып алу кіреді.
Туыстарға, таныстарға материалдық көмек, алименттер – туыстарға, достарға, таныстарға берілетін қайтарусыз материалдық көмек және кәмелеттік жасқа толмағандарды бағып-қағуға үй шаруашылығының бюджетінен төленген алименттер.
Салықтар, төлемдер және басқа төлемдер – жылжымайтын мүлікке, жерге, көлік құралдарына салықтар, сақтандырудың барлық түрлері бойынша жарналар, мүшелік жарналар, алымдар, айыппұлдар, өсімдер.
Тұтынуға пайдаланылған атаулы ақшалай табыстардың сатып алу қабілеті – орташа сатып алу бағалары бойынша тұтынуға пайдаланылған жан басына орташа атаулы ақшалай табыстар мөлшеріне сатып алуға болатын тауар саны (әрқайсысы жеке-жеке).
Табыс тапшылығы – жан басына орташа табыстарды бекітілген белгі деңгейіне (ең төмен күн көріс мөлшері, кедейшіліктің азық-түлік шегі және кедейшіліктің бекітілген шегі) дейін жоғарылатуға қажетті орташа ақша сомасы. Табысы бекітілген белгіден төмен халықтың саны мен табыстарының мөлшері туралы мәліметтер негізінде анықталады.
Табысы ең төмен күн көріс мөлшерінен (азық-түлік себетінің құнынан) аз халықтың үлесі (саны) – кедейшілік мөлшерін өлшейтін сандық көрсеткіш. Ол табысы бекітілген белгіден төмен үй шаруашылықтары мүшелерінің зерттелген халықтағы үлесін көрсетеді (процентпен).
Кедейлік тереңдігі – зерттелген үй шаруашылықтары мүшелерінің табысы деңгейінің бекітілген белгіден (ең төмен күн көріс мөлшері, кедейшіліктің азық-түлік шегі және кедейшіліктің бекітілген шегі) орташа ауытқуын көрсететін кедейшілік индикаторы.
Кедейліктің шиеленісуі – табысы бекітілген белгіден төмен халықтың бытыраңқылығы дәрежесін білдіретін кедейшілік индикаторы, яғни кедейлер арасындағы теңсіздікті сипаттайды. Кедейшіліктің тереңдігі көрсеткіші тең екі жиынтықты салыстырғанда кедейшіліктің шиеленісуі көрсеткішінің үлкен мәні тән жиынтықта кедейшілік маңызды мәселе бола түседі.
Қорлар коэффициенті – оныншы және бірінші децильдік топтарда бөліну қатарларының ішінде халықтың салыстырмалы топтарының орташа табыстары арасындағы арақатынасты өлшейді.
Джини коэффициенті (Табыстарды шоғырландыру коэффициенті) – теңсіздік дәрежесін сандықбағалауға мүмкіндік береді. Ол халықтың саны тең топтары бойынша табыстарының іс жүзінде бөлінуінің олардың біркелкі бөліну сызығынан ауытқу дәрежесін белгілейді. Табыстар теңдігінің статистикалық шамасы 0-ден 1-ге дейін құбылады, мұндағы 0 – халықтың барлық тобындағы табыстардың шүбәсіз теңдігі, 1 – барлық табыс бір тұлғаға тиесілі болғандағы шүбәсіз теңсіздік.
Халықтың әр алуан топтары бойынша ақшалай табыстарының жалпы көлемін бөлу – халықтың әрбір 20 (10) проценттік тобы ие ақшалай табыстардың жалпы көлемінің проценті.
|